QarTech Стартап жобалар инкубаторы қорытындыланды

20.12.2025

QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы шеңберінде іске асырылған стартап-жобалардың инкубаторы өз бағдарламасын сәтті аяқтады.

Сегіз апта бойы қатысушылар кәсіпкерлік және жобалық басқару саласында тәлімгерлік және сараптамалық қолдау, сондай-ақ практикалық дағдылар ала отырып, өздерінің технологиялық идеяларын дамыту бойынша жұмыс жасады. Инкубация шеңберінде командалар бизнес-модельдер мен баға ұсыныстарын пысықтады, стартаптарды дамыту бойынша қолданбалы білім алды және гранттық қаржыландыруға және инвестициялар тартуға өтінімдер беруге дайындалды.

2025 жылғы 18 желтоқсанда қорытынды Demo Day шеңберінде жобалар эксперттік қазылар алқасына ұсынылды. Қорғау нәтижелері бойынша шешімдерді пысықтаудың жоғары деңгейін және практикалық енгізу әлеуетін көрсеткен жеңімпаздар анықталды. QarTech инкубаторының жеңімпаздары Qaztin, BioSorb, TerraScan, IT Vend және Airon Squad жобалары болды.

Qaztin жобасы (Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ) жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып кәсіпорындардың жұмыс процестерін автоматтандыру және бақылау үшін цифрлық платформа құруға бағытталған.

BioSorb (Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ) қайта өңделген ауылшаруашылық қалдықтарына негізделген сорбциялық сүзгілерді пайдаланып суды тазартудың экологиялық шешімін ұсынады.

TerraScan жобасы (Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ) жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, жолдар мен карьерлердің жай-күйін мониторингтеу үшін платформа әзірлейді.

IT Vend (Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ) жасанды интеллект пен дрондарды қолдана отырып қоймаларды есепке алуды және түгендеуді автоматтандыру үшін цифрлық платформа құруға бағытталған.

Airon Squad жобасы (Қарағанды банк колледжі) аналитикалық ЖИ құралдары негізінде өндірістік процестер мен жабдықтарды бақылаудың зияткерлік жүйесін әзірлейді.

Әрбір жеңімпаз команда 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Марапаттау Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ұйымдастырған QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық форумы аясында өтті. QarTech инкубаторы аймақтағы өнеркәсіп пен экономиканың нақты міндеттеріне бағытталған технологиялық командаларды дамытудың практикалық алаңы ретінде қалыптасуды жалғастыруда.