Өнеркәсіптік автоматизация: Виталий Силюков QarTech қауымдастығымен кездесті

20.05.2026

19 мамыр күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында құрылған QarTech хабы алаңында «АСЭП» ЖШС Бас директоры, МВА ЖЭМ 2026, сондай-ақ КАСТОН және ТЕХНОВЕМ компанияларының құрылтайшысы Виталий Силюковпен эксперттік кездесу өтті. Оның өндірістік автоматтандыру саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар және ол еңбек жолын электрослесарь қызметінен бастап, Қазақстандағы жетекші инжинирингтік интеграторлардың бірінің басшысына дейін көтерілген.

40 минут ішінде спикер өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы заманауи трендтер, инженерлік құзыреттерді дамыту және жас мамандардың кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы баяндаған авторлық презентациясын ұсынды.

Спикер өз сөзінде өндірістегі нақты тәжірибені ешбір теория алмастыра алмайтынын ерекше атап өтті:

«Шынайы өндірістегі нақты еңбек пен тәжірибенің орнын ештеңе баса алмайды. Дипломды күтпей, дәл қазір бастаңыз. Нақты жобаларға неғұрлым ерте аралассаңыз, 30 жасқа дейінгі кәсіби деңгейіңіз соғұрлым жоғары болады».

Іс-шара отандық өнеркәсіптің болашағы мен инженерлік құзыреттерді дамытуға қызығушылық танытқан 50-ден астам студентті, инженерді, оқытушыны және стартап өкілдерін біріктірді.

Кездесу соңында Виталий Силюковке университет атынан Алғыс хат табысталды. Спикерге ашық диалог, индустрияға қатысты тәжірибелік көзқарасы және QarTech қауымдастығының дамуына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз.